Жібек Құламбаева Испаниядағы W100 турнирін жеңіспен бастады

Али Асетов··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Испанияның Гран-Канария аралында өтіп жатқан ITF W100 санатындағы турнирдің жұптық бәсекесінде алғашқы айналымнан сәтті өтті.

Турнирде екінші нөмірмен тіркелген Құламбаева чехиялық теннисші Анна Шишковамен бірге өнер көрсетуде. Бірінші айналымда олар финляндиялық Лаура Хиетаранта мен германиялық Жоэль Лилли Софи Штойр жұбымен кездесті.

Матч 1 сағат 22 минутқа созылып, қазақстандық-чехиялық дуэт екі сетте сенімді жеңіске жетті — 6:4, 6:2.

Осылайша, Жібек Құламбаева мен оның серіктесі турнирдің ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде олар франциялық Наия Берекоэчеа мен нидерландтық Деми Транға қарсы ойнайды.

Аталған турнир 27 шілде мен 2 тамыз аралығында Испанияда ашық топырақ корттарында өтуде.