«Жігіттерді жігері үшін кінәлай алмаймын»: Мартин «Ордабасының» жеңілісінен кейін пікір білдірді

Али Асетов··
«Ордабасы» ФК

«Ордабасы» ФК

«Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан Премьер лигасының 19 турындағы орталық матчты қорытындылады. Бұл кездесуде оның командасы алматылық «Қайраттан» 1:2 есебімен жеңілді.

Шымкенттік клубтың бапкері ойынның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, шешуші сәттерде дәлдік жетіспегенін мойындады.

«Көрермендер үшін өте қызықты матч болды. Голдар да, қауіпті сәттер де жеткілікті болды. «Қайратты» жеңісімен құттықтаймын. Біз де жақсы нәтиже көрсеткіміз келді. Жігіттердің ниеті мен жанкештілігіне ешқандай кінә арта алмаймын. Мүмкін, шабуылдардың соңғы кезеңінде сәл дәлдік жетіспеді. Бүгін қарсылас тиімдірек болды, бұл соңғы есепке әсер етті», деді Мартин.

Маман Қазақстандағы чемпиондық бәсеке әлі аяқталмағанын айтып, мұндай ойындар ұлттық чемпионатты көріктендіретінін атап өтті.

«Алда әлі көп тур бар, сондықтан күрес жалғасады. Осындай матчтар қазақстандық футболдың көркін ашады, мұндай ойындар көбірек болса деймін. Чемпионат соңына дейін интрига сақталады деп сенемін. Екі команданың да амбициясы жоғары, әрқайсысы жеңіске ұмтылады. Соңында мықтысы жеңеді. «Қайратты» тағы да құттықтаймын, ал біз жұмысымызды жалғастырып, дамып, күшейе түсеміз», деп қосты бапкер.

Бұл жеңіс «Қайратқа» бірінші айналымдағы 1:2 есебімен болған жеңіліс үшін қарымта қайтаруға мүмкіндік берді. Алматылық клуб 45 ұпай жинап, турнирлік кестенің көшін қайта бастады.

Шымкенттік команда бәсекелесінен бір ойын кем өткізген. Осы жеңілістен кейін «Ордабасының» еншісінде 43 ұпай қалып, олар чемпионатта екінші орында тұр.