«Зұлымдық ордасы» Resident Evil франшизасының ең табысты фильмі атанды

«Барселона» ФК
Зак Креггер түсірген «Зұлымдық ордасы» фильмі әлемдік прокаттан 320 миллион доллардан астам табыс тауып, Resident Evil франшизасының ең кассалық туындысы атанды.
Box Office Mojo мәліметінше, фильм Солтүстік Америкада 138,5 миллион доллар, ал халықаралық нарықтарда 181,7 миллион доллар жинаған. Осылайша, оның жалпы табысы 320,2 миллион долларға жетті. Ал фильмнің бюджеті 75 миллион долларды құраған.
Бұған дейін франшизаның рекорды 2016 жылы шыққан «Зұлымдық ордасы: Соңғы тарау» фильміне тиесілі еді. Ол прокаттан 314,1 миллион доллар тапқан. Жаңа туынды Креггердің бұған дейінгі «Қару-жарақ» (2025) қорқынышты фильмінен де асып түсті. Аталған картина шамамен 270 миллион доллар жинаған.
«Зұлымдық ордасы» фильмінің жаңа нұсқасы АҚШ кинотеатрларында 18 қыркүйекте көрсетіле бастады. Картина Resident Evil әлеміндегі дербес оқиғаны баяндайды. Ол бұрынғы фильмдердің де, Capcom компаниясының бейнеойындарының да сюжетін қайталамайды.
Фильмнің басты кейіпкері – Остин Абрамс сомдаған Брайан есімді медициналық курьер. Ол Раккун-Сити ауруханасына сәлемдеме жеткізу тапсырмасын алғаннан кейін, вирустық індеттің ортасында қалады. Қала тұрғындары жұқтырған тіршілік иелеріне айналып, кейіпкер аман қалу үшін күресуге мәжбүр болады.
Фильмге Абрамстан бөлек Зак Черри, Кали Рейс және Пол Уолтер Хаузер де түскен. Сценарийді Зак Креггер мен Шэй Хаттен жазған. Туынды Constantin Film және Columbia Pictures компанияларының PlayStation Productions қатысуымен түсірілген.