Көгершін бағу, бақша өсіру және тоқыма тоқу: спортшылар арена сыртында немен айналысады

Ульяна Калиаскар··
фото: championat.com

фото: championat.com

Бекхэм, Роналду және Тайсонның қызықты хоббилері

Кейде спортшылар бізге тек жарыстар, матчтар мен жекпе-жектен тұратын функционалды мәшине секілді көрінеді. Бірақ аренадан тыс өмірде олардың да әлсіздігі, уайымы және ерекше қызығушылықтары бар қарапайым адамдар екені анық байқалады. Спортшылар жанкүйерлер мен қоғам тарапынан үлкен қысымға жиі кезігеді. Сондықтан олар үшін менталды-психологиялық демалыс аса маңызды. Sporthub.kz миллионер спортшылардың күйзелістен қалай арылатынын және неге кейбірі бақша егіп, үстел ойындарына әуес келетінін зерттеп көрді.

Біз оларды трибунадан қатал жүзді, суыққанды кейіпте көруге үйренгенбіз. Алайда күнделікті өмірде олар өте сүйкімді әдеттері бар қарапайым адамдарға айналады.

Олимпиада жүлдесіне қаптама тоқу... оп-оңаай!

Тоқу — Ұлыбританиялық суға секіру шебері, Олимпиада чемпионы әрі бес дүркін Олимпиада жүлдегері Том Дейлидің сүйікті ісі.

Ол жемпірден бастап Олимпиада медаліне арналған арнайы қаптамаға дейін тоқып бере алады. Мысалы, Токио Олимпиадасындағы «алтын медаліне» арнайы қапты өзі тоқыған.

Тайгер Вудс және су астындағы аңшылық

Гольф әлемінің аңызы Тайгер Вудс бос уақытында суасты аңшылығымен айналысады. Ол гидрокостюм киіп, гарпунмен терең суға сүңгуді және балық аулауды жақсы көреді. Осы хоббиі үшін спортшы ұзындығы 155 фут болатын яхта сатып алған.

Криштиану Роналдудың сүйікті ойыны

Әлемдік футбол жұлдызы Криштиану Роналду «Бинго» ойынын қатты жақсы көреді. Бұл ойын оған футболдағы тығыз кестеден уақытша алыстап, ой сергітуге көмектеседі.

Сән иконасынан фермерге айналған Бекхэм

«Манчестер Юнайтед» пен мадридтік «Реалдың» бұрынғы жартылай қорғаушысы, сән әлемінің символына айналған миллиардер Дэвид Бекхэм Котсуолдстағы құны 6 миллион фунт болатын ауылдық үйін үлкен фермерлік шаруашылыққа айналдырған.

Әлеуметтік желіде ол өзі баптап отқан пияз, қырыққабат, шалғам, жидек және алхоры өнімдерін мақтанышпен көрсетеді. Алайда оның бақшасындағы ең ықпалды ханшайымы — картоп. Өйткені егістіктің ең үлкен бөлігін дәл осы өнім алып жатыр. Футболшы чипс жегенді қатты жақсы көретінін жасырмайды.

Бутсысын резеңке етікке ауыстырған Бекхэм қазіргі таңда кең тараған Slow Life («баяу өмір») бағытын ұстанатынын көрсетеді. Бұл — саналы өмір сүру, әр сәттен ләззат алу және үздіксіз жетістік қуудан бас тарту философиясы. Үлкен шаруашылық жұмыстарына оған отбасы да көп көмектеседі. Екі жыл бұрын жұбайы Виктория Бекхэм (Spice Girls тобының бұрынғы әншісі) оған тауық қорасын сыйлаған. Кейін Виктория әлеуметтік желіде Дэвидтің тауықтарға жем шашып жүрген сәттерін де жариялады. Бекхэмнің фермерлік қызығушылығы мұнымен шектелмейді. Ол ара ұяларын жасап, DB’s Premiere League Honey деп аталатын жеке бал брендін қалыптастырды.

Тіпті оның «саяжайдағы» видеолары кейбір футбол сәттерінен де көп қаралым жинай бастады. Ал сәуір айында Бекхэм бағбандық мәдениетін насихаттау мақсатында әйгілі Chelsea Flower Show көрмесіне арналған арнайы бақ жобасының авторларының бірі атанды.

Бірақ Бекхэмнің бақшасы — алып айсбергтің тек төбесі ғана.

Қаһарлы Тайсонның сүйікті ісі — көгершін бағу

Өкінішке қарай, бұл оқиға Бекхэмнің хикаясындай сүйкімді емес. Әлемдегі ең танымал боксшылардың бірі, аса ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Майк Тайсон көгершін асырайды дегенге сену қиын.

Тайсонның балалық шағы ауыр өтті. Ол 11 жасынан бастап есірткі қолданған. Анасы Майк пен тағы екі баласын жалғыз тәрбиелеген.

Көгершіндер Тайсон үшін бала күнінен ең жақын достары әрі жалғыз жұбанышы болды.

Майк Тайсонның рингтегі қаталдығы да сол ауыр балалық шақтан бастау алады.

Бір күні қатарластары оның көгершін ұстайтынын біліп, құстарын ұрлап кетеді. Тайсон ұрылардың бірін ұстап алады. Сол сәтте әлгі бала Майктың көз алдында көгершіннің мойнын бұрап өлтіреді. Дәл осы оқиға болашақ чемпионның өміріндегі бұрылысты сәтке айналды. Сол кезде ол алғаш рет төбелесуге бел буған. Жылдар өткен соң Тайсон көгершіндерді түсінбейтін сүйіктісімен айырылысып кетеді. Қызы оларды «қарғыс атқан құстар» деп атайтын.

Бір күні ол Майктың көз алдында көгершінді пісіріп жеп қойған. Осыдан кейін олардың қарым-қатынасы аяқталды. Тайсон өзі де көгершіндерге деген сүйіспеншілігін түсіндіруге тырысқанда күлкілі көрінетінін айтады.

Боксшы бүгінде тыныш әрі қарапайым өмір сүріп жатқанын және көгершін өсіруді жалғастырып жүргенін айтады.

Хобби — қалыпқа келудің ең тиімді жолы

Үлкен жеңістердің, миллиондаған келісімшарттардың және әлемдік танымалдықтың артында қарапайым шаршау, күйзелу жатады.

Спортшылар үнемі қысым жағдайында өмір сүреді: жанкүйерлердің үміті, сыни пікірлер, жарақаттар, тоқтаусыз сапарлар және әрдайым үздік болу міндеті.

Сондықтан матч пен турнирден кейін біреудің тоқуға отыруы, енді біреудің фермаға кетуі немесе көгершіндер арасында тыныштық табуы таңғаларлық жағдай емес.

Көрермен үшін бұл ерекше көрінуі мүмкін. Ал спортшылар үшін хобби — ішкі әлеміңді баланста ұстаудың бір жолы.

Көгершін бағу, бақша өсіру және тоқыма тоқу: спортшылар арена сыртында немен айналысады – sport-hub