Леброн өзінің болашағы туралы неге шешім қабылдауға асықпайтыны белгілі болды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Леброн Джеймс әзірге NBA-дағы болашағы туралы нақты шешімге келмеді. ESPN инсайдері Шэмс Чаранияның мәліметінше, 41 жастағы баскетболшы соңғы шешімді қабылдамас бұрын отбасымен көбірек уақыт өткізгісі келеді.

Еске салайық, жазда Джеймс еркін агент атанады.

«Шынымды айтсам, дәл қазір Лебронға отбасы мен ең жақын адамдарымен бұрынғыдан да көбірек уақыт өткізу қажет секілді. Өткен аптада Чикагодағы драфт-комбайнда мен Рич Полмен сөйлестім. Ол маған маусым аяқталғаннан бері NBA чемпиондығына үміткер командалардың барлығы дерлік оларға хабарласқанын айтты», — деді Чарания Пэт Макафи шоуында.

2025/26 жылғы тұрақты чемпионатта «Лос-Анджелес Лейкерс» командасының көшбасшысы 60 матч өткізді. Леброн бір ойында орта есеппен 20,9 ұпай еншілеп, 6,1 мәрте ребаунд орындады және 7,2 нәтижелі пас тіркеді. Оның ойын барысында допты себетке лақтыру дәлдігі 51,5 пайызды құрады.