Қазақстан күрес түрлерінен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Темирлан Мажекенов ··
Фото:  UWW ресми сайты

Фото: UWW ресми сайты

Вьетнамның Дананг қаласында еркін күрестен жастар арасындағы Азия чемпионатының шешуші белдесулері өтіп жатыр.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалындық белдесуінде қазақстандық Майис Алиев пен Қырғызстан өкілі Залкарбек Табалдиев кездесті. Қазақстандық балуанның қарсыласы 2025 жылғы 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері болса, Алиев бір жыл бұрын құрлық біріншілігінің чемпионы атанған еді.

Финалдық белдесу тартысты әрі бәсекелі өтті. Алайда 10:8 есебімен жеңіске жеткен Алиев турнирдің алтын медалін иеленді.

Финалға дейін қазақстандық спортшы жартылай финалда моңғолиялық Анха Ерден Алтангерельді 4:1 есебімен сенімді жеңді. Ал ширек финалда иорданиялық Заид Меслахтан 9:2 есебімен басым түсті.

Сонымен қатар Қазақстанның тағы бір өкілі Еламан Амангелді күміс медаль жеңіп алды.

Шешуші белдесуде ол үндістандық балуан Акшай Дхеремен кездесті. Тартысты өткен белдесу қарсыластың 4:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Осылайша Амангелді жарыстың күміс жүлдегері атанды. Былтыр ол Азия чемпионатында қола медаль иеленіп, жүлдегерлер қатарына енген.

Қазақстан күрес түрлерінен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды – sport-hub