Басты бет
·
Хоккей

0:4 есебінен тарихи камбэк: «Виннипег» НХЛ рекордын жаңартты

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Ұлттық хоккей лигасында (НХЛ) 19 жылға жуық сақталған рекорд жаңарды. Канадалық «Виннипег Джетс» негізгі уақыттың соңғы екі жарым минутында төрт шайба соғып, «Монреаль Канадиенсті» овертаймда жеңді. Кездесу 5:4 есебімен аяқталды.

Матч 3 қарашада Монреальдағы «Белл-центр» аренасында өтті. Ойынның аяқталуына үш минуттай уақыт қалғанда алаң иелері 4:0 есебімен алда келе жатты. Қақпашы Джейкоб Фаулер кезекті «құрғақ» матчына жақын еді. Алайда соңғы минуттарда ойын барысы түбегейлі өзгерді.

«Виннипег» төрт шайбаны қалай соқты?

Алғашқы екі кезең «Монреальдың» басымдығымен өтті. Төртінші минутта Оуэн Бек есеп ашса, бірінші үзіліске дейін Джош Андерсон командасының артықшылығын еселей түсті.

Екінші кезеңде Коул Кофилд сан басымдығын сәтті пайдаланып, үшінші шайбаны соқты. Ол үшінші кезеңнің басында тағы бір гол авторы атанып, есепті 4:0-ге жеткізді. Осы сәтте кездесудің тағдыры шешілгендей көрінді.

Оның үстіне «Виннипег» бұл ойынға қатарынан тоғыз матчта жеңіске жете алмай келген еді. Ал алдыңғы кездесуде команда «Каролина Харрикейнзден» 0:7 есебімен ойсырай жеңілген болатын.

Алайда матчтың аяқталуына 2 минут 39 секунд қалғанда Тайрел Бауэр есеп айырмасын қысқартты. Бұл қорғаушының НХЛ-дегі мансабындағы алғашқы шайбасы еді.

Арада 42 секунд өткенде Морган Бэррон есепті 2:4-ке жеткізді. Қонақтар шабуылды жалғастырып, қақпашыны алтыншы алаң ойыншысымен алмастырды.

Үшінші кезеңнің аяқталуына бір минут қалғанда Кайл Коннор «Виннипегтің» үшінші шайбасын соқты. Ал тағы 27 секундтан кейін америкалық шабуылшы дубль жасап, негізгі уақыттың аяқталуына 33 секунд қалғанда есепті теңестірді.

Осылайша, қонақтар төрт голды небәрі 2 минут 6 секунд ішінде соқты.

Овертаймда «Виннипег» жеңісті жұлып алды. Қосымша уақыттың төртінші минутында Адам Лоури берген пасты Дилан Сэмберг сәтті пайдаланып, шешуші шайбаны соқты.

НХЛ. Тұрақты чемпионат

«Монреаль Канадиенс» – «Виннипег Джетс» 4:5 (овертайм)

Шайбалар: Бек, 4 (1:0); Андерсон, 19 (2:0); Кофилд, 24 (3:0); Кофилд, 41 (4:0); Бауэр, 58 (4:1); Бэррон, 59 (4:2); Коннор, 60 (4:3); Коннор, 60 (4:4); Сэмберг, 64 (4:5).