Абинұр Нұрымбет «Ордабасы» ойыншысы атанды

Фото: ҚФФ
Шымкенттің «Ордабасы» клубы Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Абинұр Нұрымбетпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады.
21 жастағы футболшымен жасалған келісімнің мерзімі мен қаржылық шарттары жарияланған жоқ.
Абинұр Нұрымбет — жамбыл футболының түлегі. Ол Қазақстан чемпионатында «Тараз», «Ұлытау», «Тұран», «Ертіс» және «Оқжетпес» клубтарының намысын қорғаған. Сонымен қатар, шетелде Беларусьтің «Энергетик-БГУ» мен «Гомель», сондай-ақ Өзбекстанның «Андижан» командаларында өнер көрсетті.
2024 жылдан бері Нұрымбет Қазақстанның жастар құрамасы сапында 11 матч өткізді. Ал екі күн бұрын ол Қазақстан ұлттық футбол құрамасы сапында дебют жасап, алғаш рет ұлттық құрама жейдесін киді.
Осылайша, жас жартылай қорғаушы енді Премьер-лигада «Ордабасы» клубының намысын қорғайтын болады.