Абылайхан Жұбаназар Лозаннадағы Grand Slam турниріндегі алтыннан кейін әлемдік рейтингте жоғарылады

Фото: olympic.kz
Қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Лозаннада өткен Grand Slam турниріндегі жеңісінен кейін IJF әлемдік рейтингінде өз позициясын айтарлықтай жақсартты.
Жұбаназар 81 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Финалда қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевті жеңіп, алтын медаль иеленді.
Швейцариядағы жетістік оның рейтингтегі жағдайына бірден әсер етті. Абылайхан 14 сатыға көтеріліп, 2836 ұпаймен сегізінші орынға жайғасты.
Тожиев те финалға шыққаннан кейін рейтингте айтарлықтай ілгеріледі. Өзбекстандық дзюдошы бірден 16 сатыға көтеріліп, 2056 ұпаймен 18-орынға орналасты.
Ал 81 келіге дейінгі салмақтағы тағы бір қазақстандық Адилет Алмат керісінше, бір позиция төмендеп, 20-орынға түсті.
Бұл салмақта рейтинг көшін Ресей өкілі Тимур Арбузов бастап тұр. Үздік үштікте сондай-ақ канадалық Франсуа Готье-Драпо мен Әзербайжан өкілі Зелим Цкаев бар.
Лозаннадағы жеңіс Жұбаназар үшін турнирдегі басты жетістік қана емес, әлемнің үздік дзюдошылары арасындағы позициясын нығайту жолындағы маңызды қадам болды.