Адама Траоре мансабын Ла Лигада жалғастырады

Фото: ФК «Депортиво»
«Депортиво» 30 жастағы испаниялық вингер Адама Траоремен келісімшартқа отырды. Келісім 2028 жылдың маусымына дейін жасалған.
Траоре испаниялық клубқа еркін агент ретінде қосылды. 2025/26 маусымында футболшы «Фулхэм» сапында өнер көрсетіп, қыста «Вест Хэмге» ауысты. Жалпы ол барлық турнирде 32 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берді.
Еске салайық, Траоре «Барселонаның» түлегі. Испаниядан кеткеннен кейін ол «Астон Вилла», «Мидлсбро», «Вулверхэмптон», «Фулхэм» және «Вест Хэм» клубтарында ойнады. Ал 2022 жылы жалға алу негізінде каталониялық клубқа қайта оралды. Испания құрамасы сапында вингер сегіз матч өткізіп, нәтижелі әрекетімен көзге түскен жоқ.
«Барселона» сапында Траоре Ла Лига чемпионы атанып, Чемпиондар лигасы мен Испания кубогын жеңіп алды.