Айбек Айтбеков жастар арасындағы Азия чемпионатынан кейінгі әсерімен бөлісті

Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Айбек Айтбеков Вьетнамның Дананг қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатындағы өнеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Sporthub.kz.
Құрлық біріншілігінде қазақстандық балуан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп, қарсылас шақ келтірместен алтын жүлдеге қол жеткізді. Турнир барысында Айтбеков қарсыластарына айқын басымдық танытып, жарысты жалпы ұпай саны бойынша 36:1 есебімен аяқтады.
Қазақстандық спортшы тек алғашқы белдесуінде ғана ұпай беріп қойды.
— Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Біз бапкерлер құрамымен бірге жақсы дайындалдық және алдымызға қойған міндетті орындай алдық. Енді әрі қарай жұмыс істеп, келесі халықаралық жарыстарға дайындаламын. Алда осы жас санатындағы әлем чемпионаты бар, сол турнирде де осы жетістікті қайталауға тырысамын, — деді Айбек Айтбеков елге оралғаннан кейін.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жастар арасындағы Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, жалпы есепте 7 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.