Айбек Оралбай Азия ойындарының жартылай финалына шықты

ҚР ҰОК
Қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
90 келіден жоғары салмақтағы ширек финалда ол Қырғызстан өкілі Мырзакир Қошалиевті төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңді.
Жекпе-жек үш раундқа созылды. Барлық төреші жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Осылайша Оралбай жартылай финалға жолдама алып, Азия ойындарының кем дегенде қола жүлдесіне кепілдік берді.
2025 жылы қазақстандық боксшы 90 келіден жоғары салмақта ересектер арасындағы әлем чемпионы атанды. Ал 2026 жылдың сәуірінде Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Құрлық біріншілігінің финалында ол Қытай өкілі Байикевузи Данабикені жеңді. Сонымен қатар маусым айында Гуйян қаласында өткен әлем кубогының кезеңінде топ жарды.
Енді Оралбай Азия ойындарының финалына шығу үшін күреседі.