«Ахмат» Самородовтың голына қарамастан пенальти сериясында жеңіліп қалды

Аружан Талғат··
Краснодар ФК

Краснодар ФК

Ресей Кубогының РПЛ жолы топтық кезеңінің бірінші турында Қазақстан құрамасының ойыншылары Максим Самородов пен Ғалымжан Кенжебек өнер көрсететін грозныйлық «Ахмат» сырт алаңда «Краснодармен» кездесті.

Алаң иелері ұзақ уақыт бойы қарсылас қорғанысын бұза алмады. Алайда 66-минутта Даниил Уткин есеп ашып, «Краснодарды» алға шығарды. Матч соңына дейін Мурад Мусаевтың командасы осы басымдықты сақтап қалады дегендей көрінгенімен, қосымша уақытта Максим Самородов өз сөзін айтты.

90+3-минутта қазақстандық шабуылшы алыстан дәл соққы жасап, есепті теңестірді де, ойынды пенальти сериясына жеткізді.

Ресей Кубогы. Топтық кезең / 1-тур

«Краснодар» – «Ахмат» – 1:1 (пенальтиде – 5:4)

Голдар: 1:0 – Уткин, 66; 1:1 – Самородов, 90+3

Пенальти сериясы: 5:4 – «Краснодар» пайдасына.

Матчтан кейінгі пенальти сериясында сәттілік алаң иелері жағында болды. «Краснодар» ойыншылары өз мүмкіндіктерін дәл пайдаланды, ал Максим Самородов 11 метрлік соққыны мүлт жіберіп, қақпадан тыс бағыттады. Дәл осы сәт матч тағдырын шешті.

Тағы бір қазақстандық Ғалымжан Кенжебек кездесуді негізгі құрамда бастап, қанатта белсенді ойнады. Ол 55-минутта алаңнан кетіп, жаттықтырушылар құрамы ойынға өзгеріс енгізді.

РПЛ жолының топтық кезеңіндегі екінші турда «Ахмат» өз алаңында воронеждік «Факелді» қабылдайды, ал «Краснодар» Мәскеуге барып, жергілікті «Динамомен» кездеседі.