Басты бет
·
Футбол

«Әл-Иттихад» Чемпиондар лигасында «Пахтакорды» жеңіп, плей-офф аймағына көтерілді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФК «Аль-Иттихад»

Фото: ФК «Аль-Иттихад»

Сауд Арабиясының «Әл-Иттихад» клубы АФК элиталық Чемпиондар лигасында Ташкенттің «Пахтакор» командасын өз алаңында 2:0 есебімен жеңіп, плей-офф аймағына көтерілді.

Жидда (Сауд Арабиясы). АФК элиталық Чемпиондар лигасы. Батыс аймағы. 5-тур

«Әл-Иттихад» – «Пахтакор» – 2:0

Голдар: Әл-Шанкити (7), Иленихена (47).

Кездесу Жидда қаласындағы «Король Абдалла Спортс Сити» стадионында өтті.

Алаң иелері жетінші минутта есеп ашты. Бұрыштама добын орындағаннан кейін Марван Әл-Сахафи өкшесімен Муханнад Әл-Шанкитиге пас берді. Ол допты қақпаның төменгі бұрышына дәл бағыттады.

Екінші таймның басында саудиялық клуб басымдығын арттырды. 47-минутта Мухтар Әли айып алаңының сыртынан соққы жасап, доп қақпа бағанасына тиді. Қайта серпілген допқа бірінші жеткен нигериялық шабуылшы Джордж Иленихена есепті 2:0-ге жеткізді.

Осылайша бес турдан кейін «Әл-Иттихад» жеті ұпай жинап, Батыс аймағының турнирлік кестесінде сегізінші орынға көтерілді.

Ал «Пахтакор» екі ұпаймен 15-орында тұр. Өзбекстандық команда бес кездесуде екі рет тең түсіп, үш мәрте жеңіліске ұшырады.

Алтыншы тур матчтары 7 желтоқсанда өтеді. «Пахтакор» өз алаңында Иранның «Трактор» клубын қабылдайды. Ал «Әл-Иттихад» сырт алаңда БАӘ-нің «Әл-Васл» командасымен кездеседі.