Басты бет
·
Футбол

Автогол «Нефтчиге» Чемпиондар лигасында «Әл-Хиляльдан» жеңілмеуге көмектесті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФК «Аль-Хиляль»

Фото: ФК «Аль-Хиляль»

Өзбекстанның Ферғана қаласының «Нефтчи» клубы АФК элиталық Чемпиондар лигасында Сауд Арабиясының «Әл-Хиляль» командасымен 2:2 есебімен тең түсті. Алаң иелері бірінші таймда екі гол жіберіп алғанына қарамастан, жеңілістен құтылып кетті.

Ферғана (Өзбекстан). АФК элиталық Чемпиондар лигасы. Батыс аймағы. 5-тур

«Нефтчи» – «Әл-Хиляль» – 2:2

Голдар: Исмоилов (50), Акчичек (70, автогол) – Уоткинс (21), Мартинелли (28).

Кездесу Ферғанадағы «Истиқлол» стадионында өтті. Матчты 18 867 жанкүйер тамашалады.

Қонақтар 21-минутта есеп ашты. Олли Уоткинс алаң иелерінің қорғаушысы Иброхимхалил Юлдошевтің қателігін пайдаланып, допты қақпаға бағыттады.

Арада жеті минут өткенде ағылшын шабуылшысы Габриэл Мартинеллиге нәтижелі пас берді. Ол «Әл-Хиляльдың» басымдығын екі голға жеткізді.

Екінші таймның басында «Нефтчи» есеп айырмасын қысқартты. 50-минутта Аброрбек Исмоилов қақпашы Яссин Буну қайтарған допты торға тоғытты.

57-минутта Алишер Одилов есепті теңестіргенімен, төреші офсайдқа байланысты голды есепке алмады.

Алайда 70-минутта алаң иелері дегеніне жетті. Одиловтың соққысынан кейін Буну қайтарған доп қорғаушы Юсуф Акчичекке тиіп, «Әл-Хиляльдың» қақпасына кіріп кетті.

Кездесудің соңында «Нефтчи» жеңісті жұлып алуға мүмкіндік алды. Бірақ Калиду Кулибали Коффи Куаудың қауіпті соққысына тосқауыл қойды.

Осылайша бес турдан кейін «Әл-Хиляль» 10 ұпай жинап, Батыс аймағының турнирлік кестесінде екінші орында тұр.

Ал «Нефтчидің» еншісінде бес ұпай бар. Өзбекстандық клуб 1/8 финалға жолдама беретін үздік сегіздіктен тыс қалып отыр.

Келесі турда, 7 желтоқсанда «Нефтчи» сырт алаңда Иранның «Эстегляль» командасымен кездеседі. Ал «Әл-Хиляль» өз алаңында БАӘ-нің «Әл-Айн» клубын қабылдайды.