Алькарас алғашқы сеттегі жеңілістен кейін камбэк жасап, US Open-ның үшінші айналымына өтті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@atptour

Фото: x_@atptour

Әлемнің үшінші ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарас португалиялық Жайме Фарияны (ATP рейтингінде 72-орын) 4:6, 6:0, 6:3, 6:2 есебімен жеңіп, US Open-2026 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.

Матч шамамен 2 сағат 40 минутқа созылды. Алькарас үш эйс жасап, төрт рет қосарланған қателік жіберді және 12 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Ал Фария бес эйс орындап, 11 рет қосарланған қателікке жол берді және жеті брейк-пойнттың екеуін ғана жүзеге асырды.

Испаниялық теннисші алғашқы сетте жеңіліп қалғанымен, кейінгі үш партияда қарсыласына небәрі бес гейм берді. Бұл жеңіс Алькарас үшін «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі қатарынан 16-шы жеңіс болды.

Үшінші айналымда Алькарас ATP рейтингінде 113-орында тұрған 26 жастағы қытайлық У Ибинмен кездеседі. Бұған дейін теннисшілер бір рет ойнаған. 2024 жылы Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің үшінші айналымында Алькарас 7:6 (7:5), 6:3 есебімен жеңіске жеткен.

Айта кетейік, US Open-ның қазіргі чемпионы – Карлос Алькарас. Ол 2025 жылғы финалда Янник Синнерді жеңген болатын. Биылғы турнир 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді.

Алькарас алғашқы сеттегі жеңілістен кейін камбэк жасап, US Open-ның үшінші айналымына өтті – sport-hub