Алькарас ATP қорытынды турниріндегі алғашқы жеңісінен кейін әсерімен бөлісті

Фото: Corinne Dubreuil/ATP Tour
Әлемнің үшінші ракеткасы Карлос Алькарас мансабында алғаш рет ATP қорытынды турнирінің чемпионы атанды. Испаниялық теннисші Туринде өткен жарысты бірде-бір жеңіліссіз аяқтады.
Финалда Алькарас әлемнің бірінші ракеткасы Александр Зверевті 6:2, 7:6 (9:7) есебімен жеңді. Екінші сеттегі тай-брейкте испаниялық теннисші қарсыласының үш сетболын қайтарып, кездесуді өз пайдасына аяқтады.
Матчтан кейін Алькарас бұл жеңістің өзі үшін қаншалықты маңызды екенін айтып, жақындарының қолдауына ерекше тоқталды.
«Бұл кубок мен үшін ерекше. Оның өзім, командам және отбасым үшін маңызы өте зор. Олар менің осы сәтке қанша уақыт ұмтылғанымды, бұл турнирде жеңіске жетуді қаншалықты қалағанымды және кубокты көтеру үшін қаншама еңбек еткенімді жақсы біледі. Сондықтан осы мақсатқа ақыры қол жеткізгенім ерекше сезім сыйлап отыр.
Шынымды айтсам, сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Осы аптада командаммен және жақындарыммен бірге қол жеткізген жетістігімді мақтан тұтамын. Оларсыз бұл кубокты жеңіп ала алмас едім. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Шынымен де, өте мақтан тұтамын», – деді Алькарас баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бұл 23 жастағы испаниялық теннисшінің ATP деңгейіндегі мансабындағы 30-титулы және 2026 жылғы маусымдағы алтыншы жеңісі болды.
Сонымен қатар Алькарас ATP қорытынды турнирінде топ жарған Испанияның үшінші өкілі атанды. Бұған дейін бұл жетістікке Мануэль Орантес (1976) пен Алекс Корретха (1998) қол жеткізген.
ATP қорытынды турнирі 15–22 қараша аралығында Туринде өтті. Карлос Алькарас бес кездесудің барлығында жеңіске жетіп, жарыстағы алғашқы чемпиондық атағын жеңіп алды.