Александр Овечкин ҰХЛ-дағы жеке антирекордын қайталауға жақындады

Фото: Getty Images
«Вашингтон Кэпиталз» клубының капитаны Александр Овечкин Ұлттық хоккей лигасында (ҰХЛ) қатарынан 12 матч бойы гол соға алмай жүр.
41 жастағы ресейлік шабуылшы кезекті кездесуде мұз айдынында 13 минут 25 секунд өткізіп, қарсылас қақпасына екі рет соққы бағыттағанымен, нәтижелі әрекетімен көзге түспеді. Ал «Вашингтон» қатарынан екі жеңістен кейін жеңіліске ұшырады.
Овечкин соңғы рет 11 қазанда «Сиэтл Кракенге» қарсы ойында (3:5) гол соққан. Содан бері ол 12 кездесуде қарсылас қақпасын дәл көздей алмады.
Хоккейшінің жеке антирекорды – қатарынан 14 матч голсыз өткізу. Мұндай жағдай 2023/24 жылғы маусымда тіркелген. Ол кезде Овечкин 21 желтоқсанда «Коламбус Блю Джекетске» қарсы кездесуде (3:2) овертаймда жеңіс шайбасын соғып, сәтсіз сериясын тоқтатқан еді.
Биылғы маусымда ресейлік шабуылшы 17 матчта бес ұпай (1 гол, 4 нәтижелі пас) жинады.
Соған қарамастан, Овечкин ҰХЛ тұрақты чемпионаттарының тарихындағы ең үздік сұрмерген болып қала береді. Оның еншісінде 930 шайба бар.
Ал плей-офф ойындарын қосқанда, Овечкин 1007 гол соққан. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек Уэйн Гретцкиден (1016 шайба) қалып келеді. Канадалық хоккейшінің рекордын жаңарту үшін ресейлік шабуылшыға тағы 10 гол қажет.
Айта кетейік, 2026/27 жылғы маусым Овечкин үшін ҰХЛ-дағы соңғы маусым болмақ. Ол 5 қазанда лигадағы мансабын аяқтайтынын ресми мәлімдеген. Бұл – оның «Вашингтон» сапындағы 22-маусымы.