Александр Шевченко әлемнің 18-ракеткасын жеңіп, сенсация жасады

Фото: Getty Images
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Швеция астанасы Стокгольмде өтіп жатқан ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.
11 қарашада өткен екінші айналымда әлемдік рейтингте 107-орында тұрған 25 жастағы қазақстандық спортшы ATP рейтингінің 18-сатысындағы норвегиялық Каспер Руудпен кездесті.
Матчтың алғашқы сеті тартысты өтіп, тай-брейкте Рууд 7:6 (7:5) есебімен басым түсті. Алайда Шевченко екінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетіп, таразы басын теңестірді. Шешуші үшінші сетте де қазақстандық теннисші 6:3 есебімен қарсыласынан мықты болды.
Екі сағат 19 минутқа созылған кездесу Шевченконың жеңісімен аяқталды.
ATP 250. Стокгольм. Екінші айналым
Александр Шевченко (Қазақстан) – Каспер Рууд (Норвегия) – 6:7 (5:7), 6:4, 6:3.
Айта кетейік, бұған дейін Шевченко Руудпен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңілген еді. 2023 жылы Бостадтағы турнирде норвегиялық теннисші 6:2, 6:4 есебімен басым түссе, биыл наурызда Индиан-Уэллсте 6:1, 7:6 (7:4) нәтижесімен жеңіске жеткен.
Шевченко Стокгольмдегі жарысты іріктеу кезеңінен бастады. Алдымен норвегиялық Виктор Дурасовичті 6:1, 6:1 есебімен жеңіп, кейін британдық Джейкоб Фирнлиден 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.
Негізгі кезеңнің алғашқы айналымында қазақстандық теннисші франциялық Адриан Маннариноны 6:1, 6:3 есебімен ұтты.
Осылайша Александр Шевченко Стокгольмде қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді.
Енді ширек финалда ол әлемдік рейтингте 51-орында тұрған аргентиналық Тьяго Агустин Тирантемен кездеседі. Матч 12 қарашаға жоспарланған.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 723 435 еуро. Жеңімпаз 110 055 еуро мен ATP рейтингінің 250 ұпайына ие болады.