Александр Шевченконың Стокгольмдегі қарсыласы өзгерді

Фото: Андрей Ударцев / ҚТФ
Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко Стокгольмде (Швеция) өтіп жатқан ATP 250 турнирінің алғашқы айналымында басқа қарсыласпен кездесетін болды. Париждегі «Мастерс» турнирінің жартылай финалына жеткен франциялық Люка ван Аш жарысқа қатысудан бас тартты.
Әлемдік рейтингте 107-орында тұрған Шевченко бастапқыда ATP рейтингінің 34-сатысындағы 22 жастағы Люка ван Ашпен кездесуі тиіс еді. Алайда франциялық теннисші 2026 жылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдады.
Бұған оның Париждегі ATP 1000 санатындағы турнирде ұзақ әрі ауыр ойын аптасын өткізуі себеп болды.
Ван Аш Парижде сенсациялық нәтиже көрсетіп, жартылай финалға дейін жетті. Ол жарыс барысында аргентиналық Мариано Навонені, америкалық Лёнер Тьенді, италиялық Лоренцо Музеттиді және аустралиялық Ринки Хидзикатаны жеңді.
Әсіресе бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасын жарыстан шығарған Музеттиге қарсы жеңісі назар аудартты.
Ширек финалда франциялық теннисші Хидзикатаны үш сетте 6:4, 6:7 (4:7), 7:5 есебімен жеңді.
Оның жеңісті жолын әлемнің төртінші ракеткасы Бен Шелтон ғана тоқтата алды. Жартылай финалда америкалық теннисші алғашқы сетте жеңілгеніне қарамастан, 5:7, 6:3, 6:4 есебімен басым түсті.
Париждегі табысты өнерінің арқасында ван Аш ATP рейтингінде өзі үшін рекордтық 34-орынға көтерілді.
Шевченко енді кіммен кездеседі?
Люка ван Аш жарыстан бас тартқаннан кейін оның орнын 38 жастағы франциялық Адриан Маннарино басты.
Маннарино іріктеу кезеңінің финалында британиялық Тоби Сэмюэлден жеңілген болатын. Алайда ол лаки-лузер мәртебесімен негізгі кезеңге жолдама алды.
Ал Александр Шевченко іріктеу кезеңінде норвегиялық Виктор Дурасович пен британиялық Джейкоб Фирнлиді жеңіп, негізгі додаға шықты.
Шевченко мен Маннарино арасындағы кездесу 10 қарашада Қазақстан уақытымен сағат 17:00-ден ерте басталмайды.
Бұл матчтың жеңімпазы екінші айналымда турнирдің екінші ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен кездеседі.