Басты бет
·
Теннис

Александр Зверев ATP рейтингіндегі көшбасшылығы үшін марапат алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Clive Brunskill/Getty Images

Фото: Clive Brunskill/Getty Images

Әлемнің бірінші ракеткасы, германиялық теннисші Александр Зверев 2026 жылғы маусымды ATP рейтингінің көшбасшысы ретінде аяқтағаны үшін арнайы марапатқа ие болды.

Марапаттау рәсімі Италияның Турин қаласындағы ATP қорытынды турнирі өтіп жатқан «Инальпи» аренасында ұйымдастырылды. 29 жастағы спортшыға жүлдені ATP төрағасы Андреа Гауденци табыстады.

Зверев мансабында алғаш рет жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайды.

Германиялық теннисші 16 қазанда жыл қорытындысы бойынша рейтинг көшбасшысы атанатынын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Ал 2 қарашада алғаш рет ATP рейтингінің бірінші сатысына көтерілді.

Осылайша ол ерлер теннисі тарихында әлемдік рейтингті басқарған 30-шы ойыншы атанды.

2026 жыл Зверев үшін мансабындағы ең табысты маусым болды. Ол алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жетіп, «Ролан Гаррос» чемпионы атанды. Үш айдан кейін US Open жарысында да топ жарды.

АҚШ ашық чемпионатының финалында Зверев америкалық Бен Шелтонды 6:3, 7:6 (7:2), 5:7, 6:2 есебімен жеңді.

Бұдан бөлек, германиялық теннисші Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, мансабында алғаш рет Уимблдон финалында өнер көрсетті.

Биыл Зверев 66 кездесуде жеңіске жетті. Бұл – ATP турындағы теннисшілер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ ол күнтізбелік жылды ATP рейтингінің бірінші сатысында аяқтаған алғашқы германиялық теннисші атанды. Бұған дейін Германия өкілі Борис Беккер әлемдік рейтингте көш бастағанымен, бірде-бір маусымды бірінші ракетка ретінде аяқтамаған.

Қазір Зверев Туринде өтіп жатқан ATP қорытынды турниріне қатысып жатыр. Ол Джон Макинрой тобында Бен Шелтон, Артюр Фис және Рафаэль Ходармен бірге өнер көрсетуде.

Алғашқы кездесуінде германиялық теннисші Ходарды 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Енді ол Бен Шелтонмен кездеседі.

Айта кетейік, Зверев бұған дейін ATP қорытынды турнирінде екі рет – 2018 және 2021 жылдары чемпион атанған. Биылғы жарыс 15–22 қараша аралығында өтеді.