Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Әлем чемпионатының жүлдегері Мұқанов жаңа қызметке тағайындалды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: FDK

Фото: FDK

Қазақстандық дзюдошы әрі жаттықтырушы Азамат Мұқанов Жетісу облысындағы Кербұлақ аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып тағайындалды.

Бұл туралы Жетісу облысының спорт басқармасы хабарлады.

Мұқанов бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік ұлттық құрамаларында спортшы-нұсқаушы, Олимпиадалық даярлау орталығының жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы және спорт мектебі директорының орынбасары қызметтерін атқарған.

Дзюдодан Мұқанов ең ірі жетістігіне 2013 жылы Рио-де-Жанейрода өткен әлем чемпионатында қол жеткізді. Ол 66 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды. Сол жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болса, 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында үшінші орын алды. Сондай-ақ қазақстандық спортшы Grand Slam кезеңдерінде екі рет күміс жүлдегер атанды.

Самбодан Мұқанов 2010 жылы әлем чемпионы атанып, бұған дейін жастар арасындағы әлем чемпионатында да жеңіске жеткен.

Әлем чемпионатының жүлдегері Мұқанов жаңа қызметке тағайындалды – sport-hub