Әлемнің алтыншы ракеткасы ATP қорытынды турнирінен шығып қалған соң көз жасына ерік берді

Фото: Punto de Break
Әлемнің алтыншы ракеткасы Флавио Коболли ATP-2026 қорытынды турнирінде америкалық Фрэнсис Тиафодан жеңілгеннен кейін эмоциясын жасыра алмады.
Италиялық теннисші қарсыласына 6:7 (6:8), 0:6 есебімен есе жіберіп, жартылай финалға шығу мүмкіндігін мерзімінен бұрын жоғалтты. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Коболли турнирдегі алғашқы өнері туралы айтып отырып, көз жасына ерік берді.
«Мұнда отырғандардың ешқайсысы менің ATP қорытынды турниріне қатыса алатыныма сенген жоқ. Командам да, тіпті өзім де сенбедім. Енді осы деңгейге жеткеніме қуаныштымын. Әлі де дамуға мүмкіндігім мол екенін түсінемін. Бірақ бүгін бұл жетістігіме қуана алмаймын. Бұл – мансабымдағы ең қайғылы матч.
Менің ойымша, бұл тәжірибе болашақта міндетті түрде көмектеседі. Қысымға үйрену керек, бірақ оны еңсеру оңай емес. Дегенмен бүгінгі жеңілісімнің басты себебі қысым болды деп ойламаймын. Матчтың басында да, топтық кезеңдегі алғашқы кездесуде де қатты қобалжыған жоқпын.
Корттағы жағдай да әсер етті деп ойлаймын. Оның үстіне соңғы күндері өзім қалағандай жаттыға алмадым. Бұл да ойыныма кері әсерін тигізді.
Соған қарамастан, осы турнирде жинаған тәжірибем алдағы уақытта пайдасын тигізетініне сенімдімін. Мен әрқашан кез келген жағдайдан сабақ алуға тырысамын. Әсіресе осындай жоғары деңгейдегі жарыстардан көп нәрсе үйренуге болады», – деді Коболли Punto de Break басылымына.
Бұған дейін италиялық теннисші топтық кезеңнің алғашқы турында ресейлік Даниил Медведевтен жеңілген болатын. Екі жеңілістен кейін Коболли жартылай финалға шығу мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен ол топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Карлос Алькарасқа қарсы өткізеді.
Еске салайық, ATP-2026 қорытынды турнирі 15–22 қараша аралығында Италияның Турин қаласында өтіп жатыр. Жекелей сында екі топқа бөлінген сегіз теннисші бақ сынауда.
Турнирдің қазіргі чемпионы – италиялық Янник Синнер. Алайда ол биылғы жарысқа қатыспайды.