Әлемнің алтыншы ракеткасы Коболли Венада Димитровты жеңді

Фото: Timothy A. Clary/AFP via Getty Images
Италиялық теннисші Флавио Коболли Венада (Австрия) өтіп жатқан ATP 500 санатындағы турнирдің екінші айналымына жолдама алды. Ол алғашқы кездесуде болгариялық Григор Димитровты 6:4, 3:6, 6:3 есебімен жеңді.
Вена (Австрия). ATP 500. Жекелей сында. Бірінші айналым
Флавио Коболли (Италия) – Григор Димитров (Болгария) – 6:4, 3:6, 6:3
Әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған Коболли 124-ракетка Димитровты 2 сағат 15 минутта ұтты. Бірінші сетте италиялық теннисші жетінші геймде брейк жасап, басымдығын сақтап қалды. Екінші партияда Димитров қарқынын арттырып, қарсыласының доп беруін ұтты да, есепті теңестірді.
Шешуші сетте Коболли бастаманы қайта қолға алды. Есеп 5:2 болғанда италиялық теннисші қабылдау кезінде матчқа берілген екі мүмкіндікті пайдалана алмады. Алайда келесі геймде кездесуді өз пайдасына аяқтады.
Матч барысында Коболли тоғыз эйс жасап, төрт рет қос қателік жіберді және екі брейк-пойнтты сәтті пайдаланды. Ал Димитровтың еншісінде он эйс, екі қос қателік және бір жүзеге асқан брейк-пойнт бар.
Екінші айналымда Коболли отандасы Маттео Берреттинимен кездеседі. ATP рейтингінде 48-орында тұрған Берреттини бұған дейін аргентиналық Томас Мартин Этчеверриді жеңіп, келесі кезеңге өткен.
Айта кетейік, Вена турнирінің қазіргі чемпионы – италиялық Янник Синнер. Ол былтырғы финалда германиялық Александр Зверевті 3:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңген.