«Алғашқы минуттардан-ақ қысым болады». Бабаян «Астананың» Албаниядағы ойыны туралы пікір білдірді

«Астана» ФК
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңіндегі Албанияның «Динамо Сити» клубына қарсы алғашқы матч алдында өз ойын бөлісті. Ол команда қарсыласын құрметтейтінін және алда өте қиын сырт алаңдағы кездесу күтіп тұрғанын айтты.
Маманның айтуынша, дәл осы стадионда елордалық клуб 2023 жылы өз тарихында алғаш рет УЕФА Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған. Алайда қазіргі матчтың сол жетістікпен ешқандай байланысы жоқ екенін атап өтті.
«Осы стадионға қайта оралғанымызға қуаныштымын. Дәл осы жерде 2023 жылы «Астана» өз тарихында алғаш рет Конференция лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Бұл клуб үшін ерекше сәт болды. Бұған дейін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде ойнадық, алайда дәл осы стадион еурокубоктардағы тағы бір маңызды жетістігімізбен байланысты.
Енді бізді мүлде басқа қарсылас пен басқа ойын күтіп тұр. «Динамо» өте ұйымшыл әрі мықты команда. Біз олардың мүмкіндігін жан-жақты зерттедік. Бас бапкерлерінің жұмысын «Балканимен» өткен кездесулерден жақсы білемін. Оның командалары допты бақылауды ұнатады және позициялық шабуылда өздерін еркін сезінеді. Албания чемпионатының статистикасы да мұны дәлелдейді – допқа иелік ету көрсеткіші бойынша олар үздіктердің қатарында.
Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ бастаманы өз қолына алып, бізге қысым көрсетуге тырысатыны анық. Біздің міндетіміз – сол қысымға төтеп беріп, қарымта матч алдында өзімізге тиімді нәтиже көрсету.
Бұл жерге жету оңай болған жоқ. Жолға шамамен 18 сағат кетті, қайтар жол да дәл осындай ұзақ болады. Бірақ мен бірден ойыншыларға мұндай жағдай ешқандай сылтау болмауы керектігін айттым. Біз мұнда «Астананың» намысын қорғап, Қазақстанның атынан келдік. Сондықтан алаңда бар мүмкіндігімізді көрсетуге міндеттіміз», – деді Бабаян матч алдындағы баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, «Динамо Сити» мен «Астана» арасындағы алғашқы матч 10 шілдеге қараған түні Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де басталады. Қарымта кездесу 16 шілде күні қазақстандық клубтың алаңында өтеді.