Әли Балоев бұрынғы әлем чемпионымен чемпиондық жекпе-жек өткізеді

Aibar Rysdaulet··
Фото: Boxing News

Фото: Boxing News

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Әли Балоев келесі жекпе-жегін 16 тамыз күні Ресейдің Грозный қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде өткізеді.

Оның қарсыласы – жартылай ауыр салмақтағы IBO тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Умар Саламов. Боксшылар бірінші ауыр салмақтағы IBF Europe тұжырымының бос тұрған чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған.

Бұл кездесу Әли Балоев үшін кәсіпқой мансабындағы ең маңызды сынақтардың бірі болмақ. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2025 жылдың қыркүйегінде шаршы алаңға шығып, Босния және Герцеговина өкілі Эрмин Авдичті бірінші раундта нокаутпен жеңген еді.

Қазіргі таңда Әли Балоевтың еншісінде 15 жеңіс, екі жеңіліс және бір тең нәтиже бар. Оның тоғыз жеңісі мерзімінен бұрын аяқталған. Ал Умар Саламов кәсіпқой бокста 32 рет жеңіске жетіп, екі рет жеңілген. Бұған қоса ол IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған тәжірибелі боксшы саналады.