World Boxing ресейлік боксшыларға қойылған шектеулерді алып тастады

Фото: Getty Images
World Boxing федерациясы ресейлік боксшыларға қатысты шектеулердің алынғанын жариялады.
Мұндай шешім Глазгода өткен атқарушы комитет отырысында қабылданды. Жиында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық мәселелері қаралды.
Енді Ресей өкілдері World Boxing турнирлеріне жалпы негізде қатыса алады, яғни ұлттық рәміздерімен, мемлекеттік туы мен әнұранын пайдалану құқығына ие болады. Сонымен қатар ұйым ресейлік делегацияның қызметі мен допингке қарсы талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Сондай-ақ атқарушы комитет Олимпиадаға іріктеу жарыстарының күнтізбесін бекітіп, 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын жалғастырды.
Геннадий Головкин қабылданған шешімдер ұйымның әрі қарай дамуы үшін маңызды қадам болғанын айтты.
«Біз бокстың олимпиадалық қозғалыстағы табысты болашағын қамтамасыз етуге дайын, мықты әрі ашық федерация құруды жалғастырып жатырмыз», — деді World Boxing басшысы.
Еске салайық, аңызға айналған қазақстандық боксшы World Boxing ұйымын 2025 жылдан бері басқарып келеді.