Тоқаев Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енгізілуімен құттықтады

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Akorda.kz

Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи оқиға аңызға айналған отандасымыздың жаһандық спорттағы мұрасының ерекше маңызын, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы оң имиджі мен беделін ілгерілетуге қосқан зор үлесін айқын көрсететінін атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің спорттық даңқының символы әрі халықаралық спорт қауымдастығындағы елшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің үздік боксшыларының бірі саналатын спортшының жетістік жолы алдағы уақытта да жас спортшыларды биік мақсаттарға жетуге шабыттандыратынына сенім білдірді», – деп Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смағадияров өзінің Telegram-арнасында хабарлады.

Геннадий Головкин Қазақстаннан Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) ресми түрде енгізілген алғашқы өкіл атанды. Салтанатты рәсім 14 маусым күні АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өтті.

Аңызға айналған қазақстандық спортшы «Men’s Modern» санаты бойынша құрметке ие болды. Бұл санат қазіргі дәуірдің үздік боксшыларын біріктіреді. Головкинмен бірге Даңқ залына бұрынғы әлем чемпиондары америкалық Антонио Тарвер және британдық Найджел Бенн де қабылданды.

Салтанатты шара барысында экс-чемпион музей үшін өз жұдырығының естелік бедерін қалдырып, сондай-ақ Халықаралық бокс даңқы залының коллекциясына ұлттық қазақы шапанын табыстады. Бұл оның туған елі мен мәдени мұрасымен байланысын айқындай түсті.