Әлімханұлы Ширазды чемпиондық жекпе-жекке шығуға шақырды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@SkySportsBoxing

Фото: x_@SkySportsBoxing

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO әлем чемпионы Хамза Шираздың ұйымның қазақстандық спортшыны титулға міндетті үміткер ретінде тағайындау туралы шешімін сынаған сөзіне жауап берді.

Бұған дейін Шираз WBO-ның шешіміне наразылығын білдіріп, Әлімханұлына қатысты допинг ісін алға тартқан еді.

«Неге ол жай ғана: «Кел, жекпе-жек өткізейік!» демейді? Бұл спорт! Егер өзіңді чемпионмын деп санасаң, оны дәлелде. Рингке шығып, үздіктермен жұдырықтас, шын мәнінде неге қабілетті екеніңді барлығына көрсет. Подкастта отырып, жылап, шағымданба! Рингке шық та, жұдырықтас!» — деп жазды Әлімханұлы.

Айта кетейік, Әлімханұлы мен Шираздың ықтимал жекпе-жегі алғаш рет талқыланып отырған жоқ. 2024 жылы WBO британдық боксшыны сол кезде қазақстандыққа тиесілі орта салмақтағы чемпиондық белбеуге міндетті үміткер ретінде тағайындаған. Алайда тараптар келісімге келе алмады. Осыдан кейін ұйым промоутерлік сауда өткізуді белгіледі, бірақ жекпе-жек ақыры өтпеді.

Шілде айында Әлімханұлы орта салмақтағы WBO белбеуінен бас тартып, екінші орта салмақ дивизионына ауысты. Ұйымның жаңартылған рейтингінде қазақстандық боксшы екінші орынға орналасты. Кейін ол Ширазға тиесілі чемпиондық титулға міндетті үміткер ретінде ресми түрде тағайындалды.

Енді тараптар чемпиондық жекпе-жекті өткізу туралы келісімге келуі керек. WBO командаларға келіссөз жүргізу үшін 20 күн уақыт берді. Егер осы мерзім ішінде ортақ мәмілеге келе алмаса, промоутерлік сауда өткізілуі мүмкін.