Басты бет
·
Бокс

Әлімханұлымен жұдырықтасудан бас тартқан британдық боксшы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды

Дина Хамзина··
Фото: Instagram hamzahsheeraz

Фото: Instagram hamzahsheeraz

Хамза Шираз Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен WBO титулын қорғаудан бас тартқаннан кейін Сауль Альвареспен кездескісі келетінін мәлімдеді.

Бұған дейін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен титулдық жекпе-жек өткізуден бас тартқан британдық боксшы Хамза Шираз мексикалық бокс жұлдызы Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасуға ниетті екенін жеткізді.

Шираз қазан айының соңында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен кәсіпқой бокс кешіне қатысты. Турнирдің басты жекпе-жегінде Альварес франциялық Кристиан Мбиллимен кездескен болатын.

Мексикалық боксшы жеңіске жетіп, екінші орта салмақта WBC чемпионы атанды.

Бокс кешінен кейін британдық спорт журналисі Майк Коппинджерге DAZN эфирінде сұхбат беріп, өзінің жоспарларымен бөлісті. Ол Альвареспен кездесуді мансабындағы басты мақсаттардың бірі ретінде қарастыратынын айтты.

«Неге өзімді үздіктермен жекпе-жекте сынамасқа? Мен бұл спортқа үздік болу және «Канело“ секілді боксшылармен жұдырықтасу үшін келдім. Мұндай жекпе-жек туралы тек армандауға болады. Күн сайын оянып, бұрынғыдан да көп жаттығамын. «Канеломен“ кездесу біртіндеп шындыққа айналып келеді», — деді Шираз.

Еске салайық, бұған дейін британдық боксшы екінші орта салмақта WBO чемпионы болған. Алайда ол Қазақстан өкілі Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті титулдық жекпе-жектен бас тартып, кейін чемпиондық белбеуін босатты.

Енді бос қалған WBO титулы үшін Әлімханұлы дат боксшысы Якоб Банкпен жұдырықтасуы тиіс.