Басты бет
·
Бокс

Әлімханұлының WBO титулы үшін жекпе-жегі өтетін орын белгілі болды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@SkySportsBoxing

Фото: x_@SkySportsBoxing

Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен Дания өкілі Якоб Банк (20-0, 11 КО) арасындағы екінші орта салмақтағы бос тұрған WBO чемпионы атағы үшін жекпе-жекті Копенгагенде өткізу жоспарланып отыр.

Банктің менеджері Спенсер Браун The Ring басылымына берген сұхбатында тараптар желтоқсан айында Копенгагенде өтетін жекпе-жектің шарттарын келіскенін айтты.

Бұған дейін WBO ұйымы Әлімханұлы мен Банктің командаларына чемпиондық жекпе-жектің шарттарын 7 қазанға дейін келісуді міндеттеген еді. Егер келісімге келе алмаған жағдайда, ұйым промоутерлік сауда өткізуді жоспарлаған.

Айта кетейік, Әлімханұлы WBO рейтингінде екінші орта салмақта бірінші орында тұрса, Банк үшінші сатыда орналасқан. Екі боксшы да кәсіпқой рингте әзірге жеңіліп көрмеген.

WBO чемпионы атағы Хамза Шираз Әлімханұлына қарсы міндетті қорғанысын өткізуден бас тартқаннан кейін бос қалды. Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткізіп, Анауэль Нгамиссенгені мерзімінен бұрын жеңген.

Әлімханұлының WBO титулы үшін жекпе-жегі өтетін орын белгілі болды – sport-hub