Басты бет
·
АО-2026

Әлижан Аблағатов ушу-саньдадан Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді

Аружан Талғат··
Фото: olympic.kz

Фото: olympic.kz

Қазақстандық ушу шебері Әлижан Аблағатов Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ушу-саньдадан 70 келіге дейінгі салмақта өткен жарыстың жартылай финалында Аблағатов Иран өкілі Эрфан Мохаррамимен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер ұпай санымен жеңісті ирандық спортшыға берді.

Мохаррами финалға жолдама алса, Аблағатов жарысты қола медальмен аяқтады. Ушу-саньдада үшінші орын үшін жеке жекпе-жек өткізілмейді. Сондықтан жартылай финалда жеңілген екі спортшы да қола медаль алады.

Қазақстанның финалға шығуға тағы бір мүмкіндігі 75 келіге дейінгі салмақта болады. Абдурашид Абдуллаев жартылай финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Чжан Хуан Йимен кездеседі. Финалдық жекпе-жектер 24 қыркүйекте өтеді.

Бұған дейін Карим Иминжанов жүлде үшін күресін аяқтаған болатын. Қазақстандық спортшы 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, 1/8 финалда Вьетнам өкілімен кездесті. Иминжанов 0:2 есебімен жеңіліп, 2026 жылғы Азия ойындарының ширек финалына өте алмады.