Алмабаев UFC турниріндегі жеңістен кейінгі жоспарларымен бөлісті

Фото: UFC
UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі қазақстандық жауынгері Асу Алмабаев Бакуде өткен UFC Fight Night турниріндегі жекпе-жегінен кейін қандай бағытта жұмыс істейтінін айтты.
Еске сала кетейік, 27 маусым күні қазақстандық спортшы америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта сабмишен әдісімен жеңген болатын.
«Жекпе-жек барысында өзіме не жетіспейтінін байқадым. Ең алдымен, салмақ мәселесін реттеуім керек, өйткені жекпе-жекке шыққанда кейде салмағым аздау болып жатады. Қарсыласты бақылауда ұстау да қиындау болады. Осы бағытта жұмыс істеу қажет. Бірақ салмақты көп қоссаң, кейін оны түсіру де қиын. Өзім білетін көптеген нюанстар бар. Солардың бәрін жетілдіріп, жұмыс істейміз. Егер қандай да бір әдістер ұнап жатса, оларды арсеналыма қосамын», – деді Алмабаев Namys Fighting-ке берген сұхбатында.
Айта кетейік, осы жеңістен кейін Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесі рейтингінде алтыншы орынға көтеріліп, кештің үздік өнер көрсеткені үшін 100 мың доллар көлемінде бонус алды.
Қазір Асу Алмабаевтың аралас жекпе-жектегі кәсіби рекорды – 24 жеңіс және 3 жеңіліс.