Алматыда халықаралық шахмат турнирі өтеді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Kazchess

Фото: Kazchess

30 маусым мен 8 шілде аралығында Алматыда KazChess Masters Almaty-2026 халықаралық шахмат турнирі өтеді.

Жарысқа он шахматшы қатысады: бес шетелдік гроссмейстер, екі қазақстандық гроссмейстер және Қазақстаннан үш халықаралық шебер. Қатысушылардың орташа рейтингі 2569-ды құрайды, бұл турнирдің сегізінші санатына сәйкес келеді.

Қатысушылар қатарында Игорь Коваленко (Украина), Алексей Сарана (Сербия), Сэм Шенкленд (АҚШ), Максим Чигаев (Испания), Александр Донченко (Германия), сондай-ақ қазақстандықтар Денис Махнёв, Қазбек Нөгербек, Алдияр Аңсат, Марк Смирнов және Алуа Нұрман бар. KazChess Masters турнирінің қазіргі жеңімпазы – Алексей Сарана.

Турнирдің жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз 7 миллион теңге, күміс жүлдегер 5 миллион, ал қола жүлдегер 3,5 миллион теңге алады. Ақшалай сыйақы барлық қатысушыларға қарастырылған.

Айта кетейік, KazChess Masters Almaty-2026 биылғы серияның екінші турнирі болады. Қазақстан шахмат федерациясы бұл серияны қатарынан үшінші маусым өткізіп келеді.