Алуа Нұрман әлемдік шахмат рейтингінің көшбасшылығына жақындады

Фото: alua_nurman / Instagram
Қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингінде екінші орынға көтерілді.
Есепті кезеңде 19 жастағы спортшы рейтингтік көрсеткішіне 12,7 ұпай қосты. Осылайша оның жаңа рейтингі 2455 ұпайға жетіп, Нұрман бірқатар қарсыласын басып озып, көшбасшыға жақындай түсті.
Әлемдік рейтингті 2462,4 ұпаймен украиналық Анастасия Гнатышин бастап тұр. Алайда көшбасшы соңғы жаңартуда 2,6 ұпай жоғалтты. Үшінші орында 2443 ұпайы бар ресейлік Анна Шухман орналасқан.
Нұрман Қазақстанның жетекші жас шахматшыларының бірі саналады. Оның мансабындағы басты жетістіктерінің бірі — 2024 жылы Будапештте өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысуы. Қазақстан құрамасы сапында ол 45-ші шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Тамыз айының ортасында қазақстандық шахматшы Анкарада өткен халықаралық турнирге қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Нұрман әйелдер тақтасында өнер көрсеткен қатысушылар арасындағы жеке есепте екінші орын алды.
Қазақстанның тағы бір өкілі Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингтің үздік бестігіндегі орнын сақтап қалды. FIDE-нің қыркүйек айындағы жаңартуынан кейін ол 2536 ұпаймен бесінші орында тұр.
Асаубаева соңғы жаңартуда екі ұпай жоғалтқанымен, бұл оның әлемдегі ең мықты шахматшылардың топ-5 қатарынан шығуына жеткіліксіз болды.