Бибісара Асаубаева ФИДЕ рейтингіндегі үздік бестіктегі орнын сақтап қалды

Фото: olympic.kz
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясының қыркүйек айындағы рейтингі жаңартылғаннан кейін әлемдегі ең мықты шахматшылардың қатарындағы орнын сақтап қалды.
Рейтингтің жаңа нұсқасында Асаубаева бесінші орында тұр. Оның еншісінде 2536 ұпай бар. Алдыңғы жаңартумен салыстырғанда қазақстандық шахматшы екі ұпай жоғалтқанымен, үздік бестіктен түскен жоқ.
Қазір дәл осындай рейтингтік ұпайға қытайлық Тан Чжунъи мен ресейлік Александра Горячкина да ие. Алайда Қытай өкілі өз көрсеткішін айтарлықтай жақсартып, бірден үш сатыға көтерілді.
Әйелдер арасындағы әлемдік рейтинг көшін қытайлық Хоу Ифань жалғастырып келеді. Оның көрсеткіші – 2596 ұпай.
Екінші орында тағы бір қытайлық шахматшы Цзюй Вэньцзюнь орналасқан. Оның еншісінде 2553 ұпай бар. Ол бір сатыға көтерілді. Үздік үштікті 2552 ұпайы бар Лэй Тинцзе түйіндейді.
Осылайша, әлемдік рейтингтің алғашқы үш сатысын қытайлық шахматшылар иеленіп отыр. Ал Асаубаева көшбасшылар тобына жақын орналасып, үздік бестіктегі орнын сақтап қалды.
Қазақстандық шахматшы үшін соңғы ірі жарыс 2026 жылғы WR Women’s Chess Tour элиталық сериясының Еуропадағы кезеңі болды. Турнир 24-26 тамыз аралығында Францияның Сен-Тропе қаласында өтті.
Асаубаева бұл жарыста рапид бойынша ерекше сәтті өнер көрсетті. Қазақстандық шахматшы рапид жарысында жеңімпаз атанып, келесі күні блицтің финалына дейін жетіп, турнирді екінші орынмен аяқтады.
Бұл нәтижелер оған әлемдік серияның Гранд-финалына қатысу құқығын мерзімінен бұрын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Рейтингтік ұпайлары аздап төмендегеніне қарамастан, Асаубаева әлемнің ең мықты бес шахматшысының қатарында қалып отыр және халықаралық аренада Қазақстанның басты өкілдерінің бірі саналады.