Бибісара Асаубаева Франциядағы WR Women’s Chess Tour кезеңінде рапидтен жеңімпаз атанды

Фото: olympic.kz
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өтіп жатқан WR Women’s Chess Tour 2026 турнирінің еуропалық кезеңіндегі рапид жарысында жеңімпаз атанды.
Қазақстандық шахматшы үшін чемпиондық жол оңай болған жоқ. Ширек финалда Асаубаева неміс гроссмейстері Элизабет Пецпен кездесті. Негізгі ойындарда жеңімпаз анықталмады. Сондықтан келесі кезеңге берілетін жолдама тай-брейкте сарапқа салынды. Онда Бибісара қарсыласынан басым түсті.
Жартылай финалда оның қарсыласы грузиялық Нино Бациашвили болды. Шешуші сәт «Армагеддон» партиясында орын алды. Асаубаева қара түспен ойнап, тең нәтижені сақтап қалды. Бұл оған финалға шығу үшін жеткілікті болды.
Басты жүлде үшін өткен финалда қазақстандық шахматшы украиналық Анна Музичукпен кездесті. Асаубаева финалдың алғашқы партиясында қара түспен ойнап, жеңіске жетті. Кейін екінші кездесуде де басымдығын сақтап, турнир жеңімпазы атанды.
Ойын күнінің қорытындысы бойынша Бибісара 5,5 ұпай жинап, WR Women’s Chess Tour 2026 турнирінің еуропалық кезеңіндегі рапид жарысының чемпионы атанды.
Алайда Сен-Тропедегі жарыс қатысушылар үшін мұнымен аяқталмайды. Келесі кезекте блиц турнирі басталады. Оның жеребесі ширек финал кезеңінен бастап қайта жасалады. Сегіз шахматшы да енді жеке жүлде үшін қайтадан күреседі.
Осылайша, Асаубаева блиц турниріне рапид жарысының қазіргі жеңімпазы ретінде қатысады. Ол бір кезең аясында екінші титулын жеңіп алу мүмкіндігіне ие.