Асаубаева АҚШ-тағы жетістігінен кейін Сен-Тропеде өтетін элиталық турнирге қатысады

Фото: bibisarachess / Instagram
Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева АҚШ-тан Францияның Лазур жағалауына аттанып, Сен-Тропеде өтетін беделді WR Women’s Chess Tour 2026 турниріне қатысады.
Шахматшы алдағы сапары мен жарыс өтетін орын туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті:
«Баршаңызға сәлем! Сериал көріп отырып, чемоданымды жинап жатырмын. Ертең Франкфурт арқылы Францияға ұшамын. Бұл соңғы алты айдағы осы елге төртінші сапарым сияқты. Бұл жолы WR Chess Tour жылдам шахмат жарысына бара жатырмын. Жарыс өтетін жердің өзі керемет – Сен-Тропе. Дәл сол жерде өнер көрсетемін деп ешқашан елестете алмаппын», – деп спортшы Telegram-арнасындағы оқырмандарына айтты.
Әйелдер арасындағы элиталық жарыстың Еуропадағы кезеңі 25–26 тамызда өтеді. Турнирде әлемнің үздік сегіз гроссмейстері жеңіс үшін таласады. Жарыс рапид және блиц форматтарында, нокаут жүйесі бойынша ұйымдастырылады.
Еске салайық, бұған дейін Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен ірі әйелдер арасындағы Cairns Cup 2026 турниріне қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы жүлдегерлер қатарынан көрініп, америкалық Карисса Йиппен бірге үшінші орынды бөлісті.