Басты бет
·
Теннис

Әмір Омарханов Өзбекстандағы ITF турнирінің финалына шыға алмады

Дина Хамзина··
ҚТФ

ҚТФ

Қазақстандық теннисші Әмір Омарханов Өзбекстанның Ферғана қаласында өтіп жатқан ITF M15 турнирінің жартылай финалында жеңіліп қалды.

31 қазанда өткен кездесуде әлемдік рейтингте 622-орында тұрған және жарыстың екінші ракеткасы саналған Омарханов ресейлік Андрей Сафоновпен (2078-орын) кездесті.

Тартысты матч үш сетке созылды. Алғашқы партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Алайда екінші сетте Сафонов 6:4 есебімен басым түсіп, таразы басын теңестірді.

Шешуші үшінші партияда ресейлік теннисші 7:5 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Матч есебі: 6:7 (5:7), 6:4, 7:5 – Андрей Сафоновтың пайдасына.

Айта кетейік, бұған дейін Әмір Омарханов Алматыда өткен ATP 250 санатындағы Almaty Open турниріне қатысқан. Ол жекелей сында іріктеу кезеңінің алғашқы айналымынан аса алмады. Сондай-ақ Бейбіт Жұқаевпен бірге жұптық сында өнер көрсетіп, алғашқы матчта жарыс жолынан шығып қалды.

Әмір Омарханов Өзбекстандағы ITF турнирінің финалына шыға алмады – sport-hub