Елена Рыбакина жарақатына байланысты Токио турнирінен шығып қалды

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мойнындағы жарақатына байланысты Токиода (Жапония) өтіп жатқан WTA-500 турнирінің ширек финалдық кездесуіне қатысудан бас тартты.
Әлемнің бірінші ракеткасы 30 қазанда жарысты жалғастыра алмайтынын мәлімдеді. Ол канадалық Лейла Фернандеспен кездесуі керек еді. Алайда теннисшілер кортқа шығып, бірде-бір доп ойнаған жоқ. Осылайша, Фернандес жартылай финалға автоматты түрде жолдама алды.
Рыбакина WTA баспасөз қызметіне берген сұхбатында жарыстан не себепті бас тартқанын түсіндіріп, жанкүйерлерден кешірім сұрады.
«Құрметті жанкүйерлер, келесі матчқа қатыса алмайтынымды хабарлау маған оңай емес. Өкінішке қарай, мойнымда қабыну мен ауырсыну пайда болды. Бұл өз деңгейімде өнер көрсетуіме кедергі келтіреді. Мұндай шешім қабылдау өте қиын, өйткені мен бұл турнирде ойнағанды жақсы көремін және жанкүйерлердің ерекше қолдауын әрдайым бағалаймын. Келесі жылы осында ораламын деп үміттенемін. Түсіністік танытып, қолдағандарыңыз үшін рақмет», – деді қазақстандық теннисші.
Айта кетейік, бұған дейін Рыбакина Токио турнирінің екінші айналымында отандасы Юлия Путинцеваны 6:2, 6:3 есебімен жеңген болатын. Осы жеңісінен кейін ол 2026 жылғы маусымды WTA рейтингінің көшбасшысы ретінде аяқтайтынын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Биыл қазақстандық теннисші төрт турнирде топ жарды. Оның қатарында Australian Open және US Open жарыстары бар.
Енді Рыбакинаның келесі турнирі 8-15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды жарысы болмақ. Қазақстандық теннисші былтыр жеңіп алған чемпиондық атағын қорғауы тиіс.