Ангелина Лукас мансабындағы үзілістің себебін түсіндіріп, рингке оралу жоспары туралы айтты

Фото: IG angelina_lukas1997
Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас мансабына не себепті үзіліс жасап, біраз уақыт кәсіби бокстан алыстауды шешкенін айтты.
Соңғы жылдар спортшы үшін аса қарқынды өтті. Тек 2025 жылдың өзінде Лукас кәсіпқой бокста алты жекпе-жек өткізген. Оның айтуынша, тұрақты оқу-жаттығу жиындары, ұшулар мен жарыстар физикалық және эмоционалдық жағдайына айтарлықтай әсер еткен.
Лукас әлеуметтік желідегі жазбасында рингтегі жеңістердің артында көрермендер әрдайым байқай бермейтін ауыр еңбек тұрғанын айтты.
«2025 жылы алты кәсіпқой жекпе-жек өткіздім. Алты дайындық, тұрақты ұшулар, өте ауыр жүктемелер, стресс, жарақаттар, аурулар, жеңістер және реванш. Кей кездері рингке ағзаның мүмкіндігі шегіне жетіп шыққан сәттерім болды. Жыл соңында Дубайдағы үлкен жеңіспен осы марафонды аяқтадым. 2026 жылы тағы үш ай бойы ауыр дайындықтан өтіп, Әзербайжанда жеңіске жеттім», - деп жазды Лукас Instagram желісінде.
Осындай тығыз кестеден кейін спортшы өзіне уақыт бөліп, толыққанды қалпына келуді жөн көрген. Қазір Лукас Еуропада жүр. Ол саяхаттап, жаңа жобалармен айналысып, физикалық, эмоционалдық және психологиялық тұрғыдан қалпына келіп жатыр.
«Сондықтан қазір мен өзімді таңдадым. Еуропаға ұшып келдім, саяхаттап жүрмін, жаңа жобалармен айналысып, физикалық, эмоционалдық және психологиялық тұрғыдан қалпыма келіп жатырмын».