Англия жанкүйерлері АҚШ-тағы әлем чемпионатындағы тағам мен сусын бағаларына наразы

Темирлан Мажекенов ··
Фото: BBC

Фото: BBC

17 маусымда өтетін Англия мен Хорватия арасындағы матчқа келген ағылшын жанкүйерлері АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы AT&T стадионында ұсынылған тағам мен сусындардың бағасына таңғалды.

The Sun басылымының мәліметінше, Stella Artois секілді импорттық сыраның бір пинтасы 16,95 АҚШ долларын (шамамен 14,62 еуро) құрайды. Ал Budweiser немесе Michelob Ultra сияқты жергілікті сыраның бағасы 15,95 доллар (13,77 еуро) болған.

Жанкүйерлердің наразылығын күшейткен тағы бір жайт АҚШ-тағы бір пинтаның көлемі 473 миллилитр ғана. Бұл Ұлыбританиядағы дәстүрлі 591 миллилитрлік пинтадан шамамен 17 пайызға аз.

Сонымен қатар, премиум-аймақтарда қызмет көрсетілетін орындарда міндетті түрде 20 пайыздық шайпұл қосылады. Соның салдарынан бір стақан сыраның жалпы бағасы 15 фунт стерлингтен (17,38 еуродан) асып кетуі мүмкін.

Стадиондағы тағам бағалары да арзан емес. Хот-догтың құны – 6,66 фунт (7,72 еуро), ал бургер 12,62 фунтқа (14,62 еуро) бағаланған. Тіпті көлемі 473 миллилитр болатын қарапайым ауыз су бөтелкесінің өзі 6,14 фунтқа (7,12 еуро) сатылып жатыр.

Турнирге барған жанкүйерлердің айтуынша, бұл бағалар Англиядағы пабтардағы орташа бағадан шамамен үш есе жоғары. Әлеуметтік желілерде көптеген жанкүйер мұндай баға саясатын «күндізгі тонау» деп атап үлгерді.

Стаффорд қаласынан келген 38 жастағы Англия құрамасының жанкүйері Джон Эдвардс:

«Оларды бекерден-бекер “Даллас ковбойлары” деп атамайды екен!» – деп пікір білдірді.

Ал Бриджнорт қаласының тұрғыны, 67 жастағы Саймон Харрис:

«Сыраның бағасы мүлде ақылға қонымсыз. Бірақ мұндай қымбат әлем чемпионатында бұған таңғалудың қажеті жоқ», – деді.

Өз кезегінде ФИФА ұйымы стадиондардағы тағам мен сусын бағасын белгілеуге қатыспағанын ресми түрде мәлімдеді.