Андрей Карпович «Елімайдың» еурокубоктағы тарихи дебюті туралы пікір білдірді

«Елімай» ФК
«Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович УЕФА Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі Арменияның «Алашкерт» клубына қарсы матч қарсаңындағы ойымен бөлісті.
Маман бапкерлер штабы қарсыласты жан-жақты зерттеп, оның мықты тұстарын толық талдап шыққанын айтты.
«Қарсылас туралы айтатын болсақ, «Алашкерттің» еурокубоктардағы тәжірибесі бізден әлдеқайда мол. Олар Еуропа турнирлерінде жиі өнер көрсетіп келеді. Ал біз үшін бұл – жаңа сынақ әрі тарихи сәт. Себебі клуб тарихында алғаш рет еурокубоктарға қатысқалы отырмыз. Жауапкершілікті толық сезінеміз және осындай мерекенің бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз. Біз тек клубымыздың ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғаймыз. Сондықтан лайықты ойын көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізу біз үшін өте маңызды.
Қарсыласты мұқият зерттедік және қажетті ақпараттың бәрі қолымызда бар. «Алашкерт» допты бақылағанды ұнатады, позициялық шабуылдарды жақсы ұйымдастырады әрі жоғары қысымда өте сапалы ойнайды. Біздің мәлімет бойынша, бұл көрсеткіш жөнінен олар Армения чемпионатының үздік командаларының бірі.
Ойынға арналған жоспарымыз дайын. Ертең кіммен кездесетінімізді және қандай ойын күтіп тұрғанын жақсы білеміз. Бірақ оның егжей-тегжейін қазір ашпаймын. Біз өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз. Қызықты әрі тартысты матч болады деп сенемін», – деді Карпович.
Еске салайық, УЕФА Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі «Алашкерт» пен «Елімай» арасындағы алғашқы матч 9 шілде күні Ереванда өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 21:00-де басталады.