Анна Данилина Франциядағы турнирдің финалына шыға алмады

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ҚТФ ресми сайты

Фото: ҚТФ ресми сайты

Қазақстандық теннисші Анна Данилина ресейлік Екатерина Александровамен жұптасып, Францияның Страсбург қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады.

Жартылай финалдық матчта қазақстан-ресейлік дуэт турнирдің бірінші нөмірлі жұбы — канадалық Габриэла Дабровски мен бразилиялық Луиза Стефаниге жол берді. Кездесу екі сетте 5:7, 4:6 есебімен аяқталды.

Матч 1 сағат 30 минутқа созылды.

Осылайша Дабровски мен Стефани турнирдің финалына жолдама алып, онда норвегиялық Ульрикке Эйкери мен америкалық Куинн Глисон жұбына қарсы ойнайды.

Страсбургтегі турнир 17-23 мамыр аралығында өтуде. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 1 206 446 АҚШ долларды қамтиды. Жұптық сайыстың жеңімпаздары 61 537 доллар табыс табады.

Анна Данилина Франциядағы турнирдің финалына шыға алмады – sport-hub