«Ақтөбе» жазғы трансфер кезеңіндегі алғашқы ойыншымен келісім шартқа отырды

«Қайрат» ФК
«Ақтөбе» клубы жазғы трансферлік кезеңдегі алғашқы толықтыруын ресми түрде жариялады.
Команданың жаңа ойыншысы Грузия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Гиорги Зария атанды.
Бұл туралы ақтөбелік клубтың баспасөз қызметі хабарлады. 28 жастағы футболшы үшін бұл Қазақстан чемпионатына қайта оралу болмақ. Ол бұған дейін Премьер-лигадағы ең нәтижелі шабуылдаушы жартылай қорғаушылардың бірі ретінде танылған.
Соңғы айларда Зария Тбилисидің «Динамо» клубында өнер көрсетті. Ол бұл командаға алматылық «Қайраттан» кеткеннен кейін еркін агент ретінде қосылған болатын.
Грузиялық футболшы «Қайрат» сапында екі маусым өткізді. Осы уақыт аралығында барлық турнирде 59 матчқа қатысып, 16 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді.
Еске салайық, Зария «Қайратпен» бірге екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ел Суперкубогын жеңіп алған. Сондай-ақ Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сегіз матч өткізіп, бір голдың авторы болды.
12 турдан кейін «Ақтөбе» Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 16 ұпаймен жетінші орында келеді.