Басты бет
·
Теннис

«Әр ұпай үшін нағыз күрес жүргізуге тура келеді»: Алькарас де Минорды жеңгені туралы айтты

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Әлемдік ATP рейтингінде үшінші орында тұрған испаниялық теннисші Карлос Алькарас Венада өткен ATP-500 турнирінің финалында австралиялық Алекс де Минорды жеңгеннен кейінгі әсерімен бөлісті.

«Үлкен дулыға» турнирлерінің жеті дүркін чемпионы шешуші кездесуде қарсыласын екі сетте – 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды.

Матчтан кейін Алькарас есептің кездесудің қаншалықты қиын болғанын толық көрсетпейтінін мойындады. Испаниялық теннисшінің айтуынша, де Минордың жылдам қозғалысы мен допты төмен әрі жазық бағытта соғу мәнері әрбір ұпай үшін күресуге мәжбүр еткен.

«Біз команда болып Алекс де Минордың деңгейін жақсы білеміз. Оның ойын мәнері өте қауіпті. Ол допты жазық бағытта соғады, соның нәтижесінде доп өте төмен ұшып, корт бетімен жылдам сырғиды. Мұндай жағдайда әр соққыға қалаған күшіңді салу өте қиын. Алекс өте жылдам, сондықтан әр ұпай үшін нағыз күрес жүргізуге тура келеді», – деп келтіреді Алькарастың сөзін ATP баспасөз қызметі.

Испаниялық теннисші алғашқы минуттардан бастап зейінді жоғалтпау және қарсыласына өз ойын мәнерін таңу маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Венадағы бір апталық өнеріне көңілі толатынын айтып, жабық корттардағы ойынының жақсарғанын жеткізді.

Австрия астанасындағы жеңіс Алькарасқа кәсіби мансабындағы 28-ші, ал 2026 жылғы төртінші титулын сыйлады. Бұған дейін испаниялық теннисші Australian Open, сондай-ақ Доха мен Токиодағы ATP-500 турнирлерінде топ жарған еді.