Арайлым Шегенова Азия ойындарында жүлдеге кепілдік берді

Фото: Сали Сабиров
Қазақстандық құрашшылар Арайлым Шегенова мен Болат Біләл 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті белдесулерін жеңіспен аяқтады.
87 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін Шегенова ширек финалда Оңтүстік Корея өкілі Пак Чонвонмен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін қазақстандық спортшы жартылай финалға шығып, кем дегенде қола медальға кепілдік берді.
Ал ерлер арасында 66 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Болат Біләл 1/8 финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Чан Хао-чэнді 10:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Айта кетейік, құраш – Азия ойындарының бағдарламасына енген дәстүрлі өзбек күрес түрі. Спортшылар белбеулі «яктак» күртесін киіп, тек тік тұрып белдеседі. Қарсыласын арқасымен таза лақтыру «халол» деп бағаланып, бірден жеңіс әкеледі. Партерде күресуге, ауырту және тұншықтыру әдістерін қолдануға, соққы жасауға және белден төмен ұстауға тыйым салынған.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.