Арман Царукян Hype FC чемпионы атағын сәтті қорғады

Aibar Rysdaulet··
Арман Царукян Hype FC чемпионы атағын сәтті қорғады

UFC-де өнер көрсететін армениялық файтер Арман Царукян Ереванда өткен Hype FC турнирінде чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.

Кештің басты кездесуінде Царукян үндістандық фитнес-блогер Анкит Байянпуриямен грэпплингтің Submission Only ережесі бойынша күш сынасты. Бұл форматта жеңіс тек ауырту немесе тұншықтыру әдісі арқылы ғана беріледі.

Жекпе-жек барысында Арман қарсыласына шынтақ буынына ауырту әдісін сәтті қолданып, оны берілуге мәжбүр етті. Осылайша, ол мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, Hype FC чемпионы атағын өзінде сақтап қалды.

Бұл Царукянның аталған лигадағы үшінші кездесуі болды. Бұған дейін ол Мұхаммад Мокаевты жеңген болса, Шарабутдин Магомедовпен өткен жекпе-жегі тең нәтижемен аяқталған еді.