Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Арман Царукян RAF чемпионы атағын Энтони Петтиспен белдесуде қорғайды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: RAF

Фото: RAF

Армениялық файтер Арман Царукян Real American Freestyle (RAF) лигасының чемпионы атағын UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтиске қарсы белдесуде қорғайды.

Ұйымдастырушылар бұл кездесудің 28 қарашада RAF 15 турнирінде өтетінін ресми түрде жариялады. Жарыс АҚШ-тың Чикаго қаласының маңындағы NOW Arena аренасында ұйымдастырылады. Царукян мен Петтис арасындағы белдесу турнирдің басты оқиғасы болады.

Орта салмақта әртүрлі жекпе-жек бағыттарының өкілдері бақ сынайтын RAF лигасының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Кездесу еркін күрес ережелері бойынша өтеді.

Царукян чемпиондық атағын Лас-Вегаста өткен RAF 14 турнирінде жеңіп алған. Ол америкалық Диллон Дэниспен белдесіп, техникалық басымдықпен 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Кездесу бірінші кезеңде аяқталған.

39 жастағы Петтис бұған дейін UFC және WEC ұйымдарының жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеулеріне ие болған. Бастапқыда ол RAF 15 турнирінде Дональд Серронемен кездесуі керек еді. Алайда ұйымдастырушылар қарсыластар құрамын өзгертті. Петтис үшін алдағы белдесу еркін күрестегі алғашқы сынақ болмақ.

Айта кетейік, Петтиспен кездесуге дейін Царукян 14 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өтетін RAF турниріне де қатысуды жоспарлап отыр. Оның қарсыласы бразилиялық Нейман Грейси болады.

Арман Царукян RAF чемпионы атағын Энтони Петтиспен белдесуде қорғайды – sport-hub