Арман Царукян UFC 331 алдында лақап атын өзгертті

Бегасыл Амирбай ··
Фото: x_@BloodyElbow

Фото: x_@BloodyElbow

UFC-дің жеңіл салмақтағы армениялық файтері Арман Царукян өзінің «Ахалкалакец» деген лақап атын «Бэтмен» деп өзгертетінін мәлімдеді.

Жекпе-жекші бұл шешімін жанкүйерлердің оны бұрыннан «Бэтмен» деп атап жүргенімен түсіндірді.

«Мен лақап атымды өзгерттім. “Ахалкалакец” — менің туған жеріме байланысты қойылған еді. Бірақ жанкүйерлер мені үнемі “Бэтмен” деп атайды. Сондықтан енді мен жай ғана Бэтмен боламын», — деді Царукян журналист Ариэль Хельваниге берген сұхбатында.

29 жастағы Царукян келесі жекпе-жегін 19 қыркүйекте Лос-Анджелесте өтетін UFC 331 турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы бразилиялық Маурисио Руффи. Жекпе-жек жеңіл салмақта өтеді және турнирдің екінші маңызды кездесуі болады.

Бастапқыда Царукян Чарльз Оливейрамен реванш өткізуі тиіс еді. Алайда бразилиялық файтер жекпе-жектен шығып қалды.

Айта кетейік, Царукянның кәсіби мансабында 23 жеңіс және 3 жеңіліс бар. Армениялық спортшы қазір қатарынан бес жекпе-жекте жеңіске жетіп отыр.

UFC-дегі соңғы кездесуінде ол Дэн Хукерді екінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңген.